Мобильді қосымшаны қазақстандық студенттер, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен ұйымдастырылған «Method PRO» жобасының шеңберінде ойлап тапты.
Үстіміздегі жылдың маусым айында 100 жас it-маман саланың ең үздік кәсіпқойларынан тегін кәсіби білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Екі ай көлемінде студенттер отандық және шетелдік маманадардан дәріс алып, білімін кеңейтті. Оқу бағдарламасы мобильді және веб-әзірлемелер, машиналық білім алу және Вig Data, маркетинг және бизнес-сараптамаға қатысты жобалардан құралған. Жобаның ерекшелігі сол, студенттерге шынайы тапсырмаларды іске асыру мүмкіндігі берілді. Дәріс қорытындысы бойынша студенттер ірі отандық компанияларға арналған жобаларды әзірлеп шығарды, олардың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы да бар.
Тәжірибе жүзінде студенттер тобы Қазатомөнеркәсіп мамандарынан – компанияның өндірістік нысандарындағы ақпарат жинау процессін жетілдіретін қосымша ойлап шығару тапсырмасын алды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ақпараттық технологиялар департаменті мамандарының жетекшілігімен өндірістің қыр-сырымен танысып болған соң студенттер полигондардағы шығын өлшегіштер көрсеткіштерін орталық аппаратқа онлайн тәртібінде жіберіп отыруға мүмкіндік беретін ақпараттық өнім жасап шығарды.
«Жастар екі жарым апта ішінде жасап шығарған қосымша арқасында өндірістік деректерді жинақтау жылдамдығы арта түсті. Бұған дейін аппартшылар шығын өлшегіш көрсеткіштерін алдымен қағазға жазып, кейін оны компьютерге енгізіп екі жұмыс атқаратын, енді олар көрсеткіштерді бірден ұялы телефондағы қосымшаға енгізіп, тікелей орталыққа жібереді. Студенттер көрсеткіштер өлшемі дұрыс есептелетін, адами қателіктер минималды сапалы өнім жасап шығарды», - деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ақпараттық технологиялар Департаментінің директоры, ойлап-тапқыш студенттердің менторы, топ жетекшісі Азат Игенберлин.
Қазіргі уақытта мобильді қосымша «Қазатомөнеркәсіп- SaUran» ЖШС-нің Орталық Мойынқұм кенішінде сынақты тәжірибеден өткізілуде. Аталмыш жұмыс қорытындысы бойынша алдағы уақытта мобильді қосымша «Цифрлы кеніш» ақпараттық жүйесіне қосылады. Қазатомөнеркәсіп үшін үздік it-жобалар ойлап тапқан үш топқа берілген жалпы сыйақы қоры бір миллион теңгені құрады. Қазатомөнеркәсіп алдағы уақытта да дарынды жастармен әріптестік қарым-қатынас орнату тәжірибесін жалғастырмақ нитетте.