19 мамыр күні Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басшылығы мен IT бөлімшелері мамандарының қатысуымен Ақпараттық технологиялар жөніндегі координациялық кеңестің отырысы өтті. Жиынның басты тақырыбы үдемелі технологиялық жаңғыру бойынша мақсаттарды іске асыру, нақты айтқанда уран өндірісіне роботтандыру және цифрлық технологияларды енгізу.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев атап өткендей, Елбасының биылғы Жолдауындағы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру тапсырмасы шеңберінде, қазіргі уақытта ұлттық атом компаниясы big data, автоматизация, цифрландыру және роботизация технологияларын әзірлеп енгізу бойынша белсенді жұмыс атқаруда.
– Қазірдің өзінде біз өндіріс кезінде мыңдаған түрлі датчиктерден келіп түсетін ауқымды ақпаратты жинақтап, өңдеу жұмысын жолға қойдық. Осы жиналған ақпаратты талдайтын Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе өндірісті оңтайландыру мәселелерін шеше келе, кеңейтілген сараптама жасауға мүмкіндік береді. Вig data технологиясының басымдылығы – оқиғаның алдын алып, барынша тиімді шешімдер қабылдау мүмкіндігі, - деп мәлімдеді компания басшысы.
«Индустрия 4.0» іске асыру үшін Қазатомөнеркәсіп Цифрлық кеніш, ERP (кәсіпорын қорын жоспарлау), Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі, Жағдаяттық орталық іспетті жобалар негізінде уран өндірісінің негізгі бағыттарын кешенді түрде автоматтандыруды көздейді. Бұл жобалар «Индустрия 4.0» жаңа элементтерін - роботтандыру, 3D баспа, құралдар интернеті, толықтырылған шынайылық және басқа да технологияларды іске қосуға негіз болмақ.
2016 жылы бірінші болып «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорыны «Цифрлық кеніш» жобасын өндіріске енгізді. Аталмыш ақпараттық жүйе деректерді жинап, өндірістік процесті оңтайландырып, реагенттердің жұмсалуын бақылап, құрал-жабдықтардың жұмыссыз тұруын қысқартып, штаттан тыс оқиғаларды анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай «Цифрлық кеніш» жобасынан келіп түскен экономикалық тиімділік 12 млрд теңге құрайды деп күтілуде.
– Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорынында қазір дайын өнімді ыдысқа салу желісін роботтандыру процессі жүргізілуде. Уран өнімін ыдысқа толтыру, өлшеу және жөнелту жұмыстарын бұрыңғыдай жұмысшылар емес, енді роботтандырылған кешен жүргізетін болады, - дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры Руслан Еңсебаев.
Аддитивті технологиялар (3D баспа) әзірлемесін Қазатомөнеркәсіптің тағы бір еншілес кәсіпорыны - «ҮМЗ» АҚ дайындауда. Олар адам тінімен үйлесімі жоғары тантал өнімінен 3D принтер көмегімен импланттар шығаруды мақсат етеді.