«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да іске асырылып жатқан Трансформация бағдарламасы аясында компанияда SAP ERP (кәсіпорын ресурстарын басқару жүйесі) жобасын енгізуге старт берілді.
Шараға Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, құрылымдық бөлімшелердің, еншілес және тәуелді ұйымдардың басшылары, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, сондай-ақ жүйені енгізумен шұғылданатын IBM компаниясының өкілдері қатысты.
SAP ERP жобасы – өндіріс, мәмілелер, клиенттер, жеткізушілер және компания құжаттары туралы бүкіл корпоративтік ақпаратты қамтитын бағдарламалық өнім.
«Қазатомөнеркәсіп бүгінде бірқатар IT құралдарды пайдаланады, олардың арасында, мәселен, Жағдаяттық орталық, Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі және тағы басқалар бар. Бұл жолғы ERP жобасы компанияның IT шешімдері жүйесінен өзінің маңызды орнын иелейді. Біз оның көмегімен кәсіпорындар үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді оң шешетін боламыз. «Самұрық-Қазына» Қорының компаниялар тобында біз алғашқы болып Қазақстандағы ең ауқымды жобалардың бірін енгізуге кірісіп отырмыз. Бұл өте қуанышты, сонымен бірге өте жауапты қадам», - деп атап көрсетті Асқар Жұмағалиев.
Қазатомөнеркәсіпте ERP жүйесін енгізу жобасын орталық аппарат бөлімшелерінің және аймақтағы компаниялардың қызметкерлерінен құралған 200 адамдық команда жүзеге асырады.
«Жобалық командалардың барлық қызметкерлері қазір болашақ жүйенің дизайны үстінде жұмыс істеп, ERP-де іске асырылатын бизнес-процестердің мақсатты үлгілерге сәйкестігіне талдау жүргізеді, сондай-ақ болашақ жүйенің басқа жобалар (Цифрлық кеніш, Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі, Жағдаяттық орталық, т.б.) аясында құрылатын жүйелермен интеграциялануын пысықтайды. Екі жылдан кейін барлық негізгі бизнес-процестер автоматтандырылған жүйеге қол жеткізуден үміттіміз. Жаңа жүйеде жобаға қатысатын барлық кәсіпорындардан 1700 қолданушы жұмыс істейтін болады», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Бизнесті трансформациялау департаментінің директоры Валерий Токарев.
«Осындай кез-келген автоматтандырудың түпкі мақсаты – кәсіпорындағы ахуалды түсініп, өзекті цифрлық деректерге сүйенген ең оңтайлы әрі жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құралға ие болу», - деп тұжырымдады «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директор м.а. Мирас Қасымов.
2017 жылы ERP жүйесін Қазатомөнеркәсіптің корпоративтік орталығы мен «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС-де енгізу жоспарланған. Ал 2018 жылы жаңа жүйе «КБ-6» ЖШС, «Орталық» ӨК» ЖШС, «СКК» ЖШС және «ҮМЗ» АҚ-да жұмыс істейтін болады.